
ЕҰУ дәстүрлі ENU Welcome Day аясында 150-ден астам жаңа қызметкердің басын қосты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңадан жұмысқа қабылданған мамандарды бейімдеуге және ұжымға қосуға арналған жыл сайынғы дәстүрлі «ENU Welcome Day» іс-шарасы ұйымдастырылды. Салтанатты жиын биыл да өз ауқымын жоғалтпай, жүз елуден астам жаңа кәсіби маманның басын қосты.
Айта кетейік, қара шаңырақтың кадрлық әлеуеті жыл сайын жоғары білікті кадрлармен толығып келеді. Мәселен, 2025 жылы университет ұжымы 130-дан астам жаңа маманмен толығып, олар ЖОО-ның Даму стратегиясымен танысқан болатын. Биылғы жылы да университет құрамы білікті де дарынды мамандармен толықты: команда қатарына 150-ден астам отандық және шетелдік үздік кадрлар - профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD докторлар, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен әлемнің жетекші ЖОО түлектері қосылды.
Жиынның ашылуында жаңадан келген еуразиялықтарды қарсы алған Басқарма мүшесі - Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы адами және ғылыми әлеуетті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Біздің университет адами және ғылыми әлеуетті нығайтуға басымдық береді. Бүгінде ЕҰУ еліміздің түкпір-түкпірінен ғылыми және білім зиялыларының мықты шоғырын жинаған қара шаңыраққа айналды. Бүгін біз өз қатарымызға ЕҰУ-дың ғылыми және білім беру ортасын одан ары дамытуға үлес қосатын дарынды мамандарды мақтанышпен қабылдаймыз», – деп атап өтті проректор.
Шара барысында жаңадан қосылған қызметкерлер де өз әсерлерімен бөлісіп, үлкен ұжымның бір бөлшегі болу мәртебе екенін жеткізді.
«Мен Оңтүстік Корея университетінде білімімді жетілдіріп, Сәулет-құрылыс факультетіне оқытушы болып орналастым. Болашақ дизайнерлерге дәріс беремін. Мұндай ауқымды қара шаңырақта жұмыс бастау – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мүмкіндік. Бүгінгі «Welcome Day» шарасы университет ұжымының қонақжайлылығы мен кәсібилігін көрсетті. Ұйымдастырылған тимбилдингтер мен басшылықпен кездесу біздің тез бейімделуімізге көп көмектеседі деп ойлаймын. Өз білімім мен халықаралық тәжірибемді ЕҰУ-дың дамуына жұмсауға дайынмын», – деді жаңадан қабылданған жас ғалым Сағадат Такишева.
Кездесу аясында жаңа қызметкерлер университет басшылығымен кездесіп, алдағы жоспарлар мен басымдықтарды талқылады.Сонымен қатар, қатысушылар үшін кампус бойынша танымдық экскурсия ұйымдастырылып, олар оқу орнының инфракұрылымымен жақын танысты. Халықаралық ынтымақтастық, «Болашақ» бағдарламасы және жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған жаңа бағдарлама туралы кеңес алды. Іс-шара соңы жаңа әріптестердің өзара байланысын нығайтуға бағытталған қызықты тимбилдингтер мен зияткерлік ойындарға ұласты.
