
ЕҰУ кітапханасында Армян бұрышы ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Оқу-зертханалық ғимаратында орналасқан Ғылыми кітапханасында Армян бұрышының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян, ЕҰУ-дың Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, ЕҰУ Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев, Халықаралық қатынастар факультеінің деканы Мирас Қосыбаев, Халықаралық ынтымақтастық деапартаментінің директоры Анастасия Кармелюк және оқытушылар, студенттер мен құрметті қонақтар қатысты.
Жаңа бұрыш Арменияның тарихын, әдебиеті мен мәдениетін таныстыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы ғылыми-білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Мұнда армян халқының тарихи мұрасы, көрнекті тұлғалары, әдебиеті мен өнері туралы кітаптар, ғылыми еңбектер және танымдық материалдар жинақталған.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы Армян бұрышының ашылуы білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, түрлі халықтардың мәдениетін тереңірек тануына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Университет кітапханасында осындай мәдени-ағартушылық бұрыштардың ашылуы – халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды бастама. Бұл кеңістік студенттер мен ғалымдарға Арменияның бай тарихы мен мәдени мұрасын танып-білуге жол ашады. Сонымен қатар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді», – деді проректор.
Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян Армян бұрышының ашылуымен құттықтап, оның мәні мен маңызына тоқталды.
«Армян бұрышының ашылуы – Қазақстан мен Армения арасындағы достық әрі мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бұрыш студенттер мен оқытушылардың армян халқының тарихы, тілі, әдебиеті мен мәдениетін тереңірек танып-білуіне мүмкіндік береді. Армян тілі – халқымыздың ұлттық болмысы мен сан ғасырлық рухани мұрасын сақтап келе жатқан құндылық. Осындай білім беру және мәдени бастамалар екі ел жастарын жақындастырып, өзара түсіністік пен құрметті арттырады деп сенемін», – деді дипломат.
Армян бұрышы алдағы уақытта кітап көрмелері, әдеби кездесулер, мәдени кештер мен ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізілетін тұрақты алаңға айналмақ.
«Армян бұрышының ашылуы біз үшін басқа халықтың тарихы мен мәдениетін жақынырақ тануға берілген жақсы мүмкіндік. Мұнда ұсынылған кітаптар мен танымдық материалдар Армения туралы білімімізді кеңейтуге көмектеседі. Осындай мәдени кеңістіктер студенттер арасындағы достықты нығайтып, түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүріне құрметпен қарауға үндейді», - деді Халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс студенті Әділхан Құлмұқанов.
Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондян Армян бұрышының салтанатты ашылуынан соң халықаралық қатынастар факультетінің студенттеріне «Армян тілі мен мәдениеті» тақырыбында дәріс оқыды.
