
ЕҰУ-да Президент Жолдауын жүзеге асырудағы жастардың рөлі талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Ұлттық даму күн тәртібінде – жастар» тақырыбындағы Жолдауының стратегиялық басымдықтарын талқылауға арналған сарапшылық диалог алаңы өтті.
Іс-шараға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған саяси реформалар мен стратегиялық бастамаларды жүзеге асырудағы жастардың рөліне басымдық берілді.
Жиынның ашылуында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов бұл Жолдаудың мазмұны мен ауқымы жағынан бұрынғы құжаттардан ерекшеленетінін атап өтті.
«Жолдауда белгіленген мақсаттар бір-екі жылдың емес, ұзақ мерзімді болашақтың міндеттерін қамтиды. Оларды жүзеге асыруда жастарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алға қойған мақсаттарға жету үшін қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызы зор. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөздерінде осы құндылықтарды үнемі атап келеді. Ұсынылған бастамалардың барлығы еліміздің болашағын қалыптастыруға бағытталған. Бұл – ең алдымен, сол болашақты қалыптастыратын жас ұрпақтың игілігі үшін қолға алынған жұмыстар», – деді ғалым.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Камбаров Қазақстандағы жастар саны 5 миллион 896 мың адамға жеткенін, бұл ел халқының үштен біріне жуық екенін жеткізді.
«Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жас буынға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Негізгі мақсат – жастардың әл-ауқатын арттыру, қоғамнан өз орнын табуына және әлеуетін толық ашуына мүмкіндік беру. Мемлекеттік органдар мен депутаттық корпус өкілдерінің басты міндеті – жастармен бірлесе отырып, маңызды әрі болашағы зор жобаларды жүзеге асыру», – деді спикер.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Ақерке Искандерова студенттерді қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға шақырды.
«Жолдауды тек тапсырмалар жиынтығы ретінде қабылдауға немесе оның сіздерге қатысы жоқ деп ойлауға болмайды. Оның әрбір бөлімін мұқият зерделеп, көтерілген бастамаларды іс жүзінде қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде ойлану маңызды. Егер келесі жыл Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жарияланса, әрқайсыңыз осы бағыттың дамуына қандай үлес қоса алатыныңызды ой елегінен өткізуіңіз керек», – деді депутат.
Диалог алаңында қатысушылар Жолдаудың негізгі бағыттарын, білім беру мен цифрлық технологияларды дамыту, кәсіби тұрғыдан қалыптасу мүмкіндіктерін, сондай-ақ жастардың қоғамдық өзгерістерге қатысу жолдарын талқылады.
Кездесу соңында спикерлер студенттермен жастар бастамалары, қоғамдағы өзекті мәселелер және жас буынның Қазақстанның дамуына қосар үлесі жөнінде пікір алмасты.
