
Студенттердің құқықтарын қалай қорғауға болады және студенттік омбудсмендердің рөлін қалай күшейтуге болады





ЕҰУ омбудсмені Нэли Шапекованың бастамасымен Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технологиялар және бизнес университетінде білім беру ұйымдарында студенттердің құқықтарын қорғау тақырыбына арналған Студенттік омбудсмендер мектебінің кезекті отырысы өтті.
Іс-шараға шақырылған спикерлер қатарында «Орталық Азия корпоративтік хатшылар қауымдастығы» ҚҚ атқарушы директоры Жардем Құрманғазиев, заң ғылымдарының докторы, ЕҰУ-дың конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов, этномәдениет саласының сарапшысы Алия Сагимбаева, Астана қаласы Жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Бекжан Калменов, сондай-ақ ҚазТБУ студенттік омбудсмені Бахтияр Сұлтанкулов болды. Сонымен қатар, Астана қаласының жоғары оқу орындарының белсенді студенттері қатысты.
Отырыс барысында студенттердің құқықтарын қамтамасыз ету және қорғаудың негізгі мәселелері қарастырылды. Қатысушылар студенттік омбудсменнің білім алушылар мен оқу орны әкімшілігі арасындағы тәуелсіз делдал ретіндегі рөліне ерекше назар аударды.
Студенттердің жиі көтеретін мәселелері ретінде академиялық құқықтардың бұзылуы (бағалау, оқудан шығару, қайта тапсыру), жатақханадағы тұру жағдайлары, кемсітушілік пен жанжалдар, сондай-ақ оқытушылар мен әкімшілік тарапынан этикалық нормалардың сақталуы аталды.
Практикалық бөлімде қатысушылар кейстік тапсырмалар арқылы жағдайларды талдау, шешім қабылдау және түрлі тараптармен өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, өтініштерді дұрыс рәсімдеу және құжат жүргізу бойынша ұсыныстар берілді.
Жеке бөлім студенттік омбудсмендердің «жұмсақ дағдыларын» дамытуға арналды: коммуникация, күйзеліске төзімділік, келіссөз жүргізу және бейтараптықты сақтау.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар студенттік омбудсмен институтын одан әрі дамыту, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және кері байланыс тетіктерін күшейту қажеттігін атап өтті.
Бағдарлама соңында Алия Сагимбаева «Тектану: өзін-өзі тану жолы. Тиімді маман болудың ресурстары мен шектеулері» тақырыбында дәріс оқып, генограмма құру бойынша практикалық жұмыс өткізді.
